Accessibility links

Ариф пен Лейла Юнустың үкіміне АҚШ алаңдаушылық білдірді


Әзербайжандық құқық қорғаушылар Лейла және Ариф Юнус.
Әзербайжандық құқық қорғаушылар Лейла және Ариф Юнус.

АҚШ Әзербайжан сотының құқық қорғаушылар Лейла және Ариф Юнусты жеті жылға соттау туралы үкіміне байланысты алаңдаушылық білдірді. АҚШ мемлекеттік департаментінің мәлімдемесінде сот процесі кезінде заң бұзушылықтар болғаны, ерлі-зайыпты Юнустардың денсаулық жағдайының нашар екендігі айтылған. Ресми Вашингтон Бакуді әзербайжандық кұқыққорғаушыларды түрмеден босатуға шақырған.

Бейсенбі күні Баку соты 59 жастағы Лейла Юнусты сегіз жарым жылға, оның күйеуі 60 жастағы Ариф Юнусты жеті жылға соттаған. Прокурор Ариф Юнусты тоғыз жылға, Лейла Юнусты он бір жылға соттауды сұраған еді.

Ерлі-зайыпты Ариф және Лейла Юнустерге «алаяқтық жасады», «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, салық төлеуден жалтарды» деген айыптар тағылған.

Өздеріне тағылған айыптарды мойындаудан бас тартқан Лейла және Ариф Юнус қылмыстық істің саяси мақсаты бар деп санайды.

Үкім оқылар алдында Лейла Юнус жұбайы екеуі адам құқықтарын қорғаумен айналысқаны үшін жазаланып отырғанын мәлімдеген. «Әзербайжан совет фашизмінің жолымен кетіп барады. Бұл күндері Әзербайжанда диктаторлықты тоқтатқысы келген кез-келген адам қуғынға ұшырайды» деген Лейла Юнус.

Ол сотқа денсаулықтары нашар күйеуі екеуін түрмеге қамау өздері үшін «өлім жазасымен бірдей екенін» мәлімдеген.

Бакудегі тіркелмеген Бейбітшілік және Демократия институты директоры сыйлығының лауреаты Лейла Юнус армян құқық қорғаушыларымен тікелей диалог орнатуымен танылған. Кавказдағы қақтығысты зерттеуші әрі тарихшы Ариф Юнус 1990 жылдардың басында Әзербайжанмен соғыста Армения сепаратистері басып алған Таулы Қарабақ өңіріндегі қақтығысты зерттеген.

XS
SM
MD
LG