АҚШ-та терроризмге қатысты күдікпен ұсталған 25 жастағы Абдурасул Журабоев жұма күні сотта өзіне тағылған айыпты мойындайтынын мәлімдеген. АҚШ-қа Өзбекстаннан барған 25 жастағы Журабоевқа «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына материалдық көмек көрсетпек болған деген айып тағылған.
Прокурорлардың айтуынша, Журабоев 2014 жылы тамызда егер өзіне «Ислам мемлекеті» тарапынан тиісті бұйрық берілсе, онда АҚШ президенті Барак Обамаға қастандық жасауға немесе Кони Айленд аралындағы демалыс аймағында жарылыс жасауға дайын екені туралы жазбаны интернетте жариялаған.
Сот оны айыпты деп таныса, Абдурасул Журабоев 15 жылға сотталуы мүмкін.
Ақпан айында Нью-Йоркте, Бруклинде тұрып жатқан үйінде ұсталған Журабоев Түркия арқылы Сирияға өтіп, ИМ содырларына қосылуды жоспарлап, ұшаққа билет алып қойған дейді тергеушілер. «Ол осы сапарға бара алмаған жағдайда АҚШ жерінде теракт жасауды көздеген» деді АҚШ прокуроры Келли Карри
Абдурасул Журабоевпен бірге АҚШ сотында «Ислам мемлекеті» тобына қатысты тағы төрт адамға терроризм айыбы тағылған. Олар: Өзбекстан азаматтары Акмал Закиров, Аброр Хабибов, Дилхайот Қасымов және Қазақстан азаматы Ахрор Сайдахметов. Олар тағылған айыпты мойындаған жоқ.