Ресей полициясы елге контрабандалық шетелдік ірімшік әкелумен айналысты деген күдікпен "халықаралық контрабандалық топтың" алты мүшесін ұстағанын хабарлады.
Санкт-Петербург полициясының мәліметінше, күдіктілерден ірімшік жасауға қолданылатын 470 тонна контрабандалық өнім мен ірімшік маркасын жапсыратын құрылғылар тіркіленген. Топ шетелден Ресейге 30 миллион АҚШ долларының ірімшігін кіргізді деген күдікке ілінген.
29 шілдеде Ресей президенті Владимир Путин эмбарго салынған батыс елдерінің азық-түлік тауарларын жою туралы жарлық шығарған. Өткен жылдың тамыз айында Ресей Украинадағы қақтығысқа қатысы бар ресейлік компаниялар мен шенеуніктерге санкция салған батыс елдерінен азық-түлік импорттауға тыйым салған. Жарлық күшіне енгелі бері ресейде жүздеген тонна импортталып келген азық-түлік тәркіленіп, жойылған.
Ресей үкіметі тамыздың басында санкция салынған азық-түліктерді жоюдың ережесін бекіткен. Ол бойынша, азық-түлікті тәркілеу мен жою жұмысы тауардың кімдікі және оны кім жеткізгеніне қарамастан жүргізіледі. Азық-түлік өртеледі немесе зауыттан шыққан қаптамасы ашылғаннан соң қоқысқа жөнелтіледі. Азық-түлікті жою жұмысымен федералдық кеден қызметі, Роспотребнадзор және Россельхознадзор мекемесі айналысады.