"Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымы Сирияның орталық бөлігіндегі тағы бір ежелгі ғимаратты қиратты.
ИМ содырлары 21 тамызда Facebook-те Хомс провинциясының әл-Карьятин қаласына жақын бесінші ғасырда салынған Мар Элиан монастрін бульдозермен қиратып жатқаны жайлы суреттер жариялады.
Содырлардың ежелгі монастрды қиратқанын Лондонда орналасқан, Сириядағы қақтығыста бақылап отырған Syrian Observatory for Human Rights ұйымы да хабарлады.
ИМ әл-Карьятин қаласын 5 тамызда басып алып, ол жерден арасында ондаған христиан бар - 230-ға тарта адамды ұстап әкеткен. Кейін олардың 50-ге жуығы босатылып, 100 шақтысы содырлар бекінген Ракка провинциясына әкетілген. Қазір олардың тағдыры не болғаны туралы ақпарат жоқ.
Христиан дін қызметкерінің Дамаскіде Associated Press агенттігіне хабарлауынша, ИМ содырлары монастрь ішінде орналасқан, бірнеше ғасыр кейін салынған шіркеуді де жермен-жексен еткен.
2014 жылы жазда Сирия мен Ирактың біраз бөлігін басып алғаннан бері ИМ содырлары шииттердің мешіттерін, шіркеулер, тарихи ескерткіштерді, мұсылмандар мен христиандардың мазарларын, археологиялық жәдігерлерді қиратқан.