Италияның жағалаудағы күзет қызметі сенбі күні, 22 үрлемелі қайыққа мініп ашық теңіз арқылы Еуропа елдеріне жетпек болған үш мың босқынды құтқарған. Биыл жыл басынан бері Жерорта теңізінде 2300-ден аса босқын қаза болған.
Тамыздың 22-і күні мың жарымнан аса босқынды, олардың көпшілігі – Сириядан қашқандар, Македония полициясы мен әскерилері ел аумағына өткізген. Соның алдында полиция шекараны кесіп өтуге әрекет жасаған топты тоқтату үшін күшті дыбыс шығаратын граната мен резеңке таяқ қолданған.
Арасында балалар мен әйелдер бар босқындар үш тәулік бойы Грекия мен Македония шекаралары арасындағы бейтарап аумақта, ашық аспан астында жатуға мәжбүр болған. Оның алдында, заңсыз мигранттар ағынын реттемек болған Македония билігі тамыздың 20-сы күні шекараны жауып қойған еді.
Грекияға шілде айының өзінде ғана Сирия, Ирак, Ауғанстан мен Ливиядағы соғыс қимылдарынан қашқан 50 мың босқын келген. Олар Грекия, Македония мен Сербия арқылы Еуропаның батыс елдеріне өтпек болған.