Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесіп, аймақтағы жағдайды талқылады деп хабарлады бүгін Ақорданың баспасөз қызметі.
«Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты өзара іс-қимылдың ахуалы мен перспективаларын, сондай-ақ бірқатар өңірлік және халықаралық мәселелерді талқылады. Екі ел лидерлері әлемдік қоғамдастықтың халықаралық терроризмге қарсы күрестегі күш-жігерін қолдайтындарын айтты» делінген ресми ақпаратта.
Телефон әңгімесі түрік тарапының бастамасы бойынша өткені хабарланды.
Қыркүйектің 11-і күні Астанада түркітілдес елдердің мемлекет басшыларының бесінші саммиті өтеді деп жоспарланған.