Ташкентте бүгін Тохтабой мешітінің жанында жұма намазынан соң жарылыс болды.
Полицияның Азаттықтың Өзбек редакциясына хабарлауынша, мешіт жанындағы автобус аялдамасына тастап кеткен қолдан жасалған жарылғыш зат жарылған. Полиция жарылыстан ешкім зардап шекпегенін, қазір куәгерлер бомба қалдырып қашып кетті деген адамды іздеп жатқанын айтты.
Тохтабой мешітінде 1990 жылдары билікке қарсы имам Обидхон-қори Назаров имам болған. Ол 1998 жылы билік өзін "исламшыл содырлармен байланысы бар" деп айыптап, ұстамақ болып жүргенде елден кетіп қалған. Назаров 2006 жылы Швециядан саяси баспана алып, 2012 жылы жасалған қастандықтан тірі қалған. Обидхон-қори Назаров өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады.