Тәжікстан билігі Душанбеден шығысқа қарай орналасқан Рамит шатқалына қосымша әскери күшін орналастырды. Ол маңда жұма күнгі шабуылдарды ұйымдастырғандар жасырынған және олардың базасы болуы мүмкін деген болжам айтылады. Азаттықтың Тәжік қызметінің хабарлауынша, Рамит шатқалына 150 әскери қызметкер апарылған.
Билік «террористік шабуыл» деп атаған оқиғаны Тәжікстан қорғаныс министрінің орынбасары болған Абдухалим Назарзода басқаратын қарулы топ жасаған деп санайды. Үкімет күштері Назарзода мен оның серіктері жасырынған деген күдікпен Рамит шатқалын қоршауға алған.
Тәжікстан ішкі істер министрлігі бүгін таратқан ақпаратта осы кезге дейін 13 күдіктінің көзі жойылып, 32-сі тұтқындалғаны айтылған. «Қылмыстық топтан 500 данадан астам қару-жарақ, оқ-дәрі алынып, қару сақталған бірнеше жасырын қойма мен көліктер қолға түсті» деп хабарлаған билік. Сонымен бірге ресми ақпаратта «қылмыстық шабуылдар салдарынан ішкі істер органдарының тоғыз қызметкері қаза тауып, алтауы жеңіл жарақаттанғаны» жайлы жазылған.
Ресми ақпаратта 1990-жылдары үкімет күштеріне қарсы шайқасқан Тәжікстан бірлескен оппозиция қатарында болған генерал-майор Абдухалим Назарзоданың 1997 жылғы бейбіт келісімнен соң елдің қорғаныс министрлігінде басшы қызметке тағайындалғаны және «Тәжікстан ислам қайта өрлеу партиясы мүшесі болғаны» жазылған. Бірақ, Тәжікстан билігі жақында қызметіне тыйым салған «Тәжікстан ислам қайта өрлеу партиясы» жетекшілігі Назарзоданың бұл партияға мүше емес екенін, Тәжікстан заңына сәйкес, құқық органдарында жұмыс істейтіндер мен әскери қызметтегілер саяси партияға мүше бола алмайтынын мәлімдеген. Партия болған оқиғаны «құқық органдарының ішкі мәселесі» деп атаған.
Қыркүйектің 4-і күні таңертең Тәжікстан қорғаныс министрлігінің орталық аппараты мен Душанбеден 20 шақырымдай жердегі Вахдат қаласында ішкі істер бөліміне қарулы шабуылдар жасалған еді. Билік қорғаныс министрлігі кеңсесіне шабуылдағандар ол жерден өздерімен бірге үлкен көлемде қару-жарақтар алып кеткен деп хабарлаған.