Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысына сапары кезінде журналистерге бензин бағасының қымбаттауына қатысты өз ойын айтты.
"Бұл - экономика заңдары, оған қарсы ештеңе істей алмайсың, жағдайды теңестіру қажет. Біз ортақ экономикалық кеңістіктеміз: кеден жоқ, шекара ашық. Сондықтан шара қолданып, барлығына түсіністікпен қарауға тура келеді" деді Назарбаев.
4 қыркүйек күні Қазақстан үкіметі АИ-92/93 маркалы бензин бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартып, еркіне қоя берген. Бұдан соң жанармай бекеттерінде бензиннің аталған маркасының бір литрінің бағасы 108 теңгеден 128-130 теңгеге дейін қымбаттап кеткен.
Назарбаев "АИ-92/95 бензинінің 30 пайызын Қазақстан Ресейден сатып алады. Егер үкімет бензин бағасын ретттеуден бас тартпаса бір айдан кейін елде бензин мүлде болмайтын еді" деді.