Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили жақтастары оны Украина премьер-министрлігіне тағайындауды сұраған петицияға 26 мыңнан астам қол жинаған.
Саакашвили мамыр айында Одесса облысының губернаторы болып тағайындалған. Ол осыған дейін Украина үкіметінің басшысы болмайтынын айтқан.
Онлайн-петиция жүйесін тамызда ел президенті Петр Порошенко ашқан. Ол кез келген петиция үш айдың ішінде 25 мыңнан астам қол жинаса, президенттің қарауына өтетінін мәлімдеген.
Ал Саакашвилиді премьер-министрлікке тағайындауды сұраған петиция 3 қыркүйекте ашылған. Осы күні жергілікті "Канал 5" арнасы Саакашвилидің сұхбатын көрсетіп, онда саясаткер қазіргі премьер-министр Арсений Яценюктың жұмысын сынаған еді.
Оған жауап ретінде Яценюк Саакашвилидің сұхбатын "негізсіз айып" деп бағалады.