Accessibility links

АҚШ барлауы: Ирак пен Сирия ыдырауы мүмкін


АҚШ қорғаныс министрлігі барлау басқармасының жетекшісі Стюарт Винсент.
АҚШ қорғаныс министрлігі барлау басқармасының жетекшісі Стюарт Винсент.

АҚШ қорғаныс министрлігінің барлау басқармасының жетекшісі генерал-лейтенант Винсент Стюарт Ирак пен Сирия соғыс және дінаралық жаулық салдарынан мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатуы мүмкін деп мәлімдеді.

Стюарттың ұйғарымынша, Ирак күрдтер, сүнниттер және шииттер тұратын үш аймаққа бөлініп кетуі әбден ықтимал. Ирак премьер-министрі Хайдар әл-Абади Стюарттың бұған дейін айтқан осыған ұқсас болжамдарын жоққа шығарған. "Мен бұл елдердің тұтастығы туралы нақты бірдеңе айта алмаймын" деді Стюарт кеше Вашингтонда өткен конференцияда. Стюарттың сөзінше, Ирак пен Сирияның ауқымды бөлігі "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының бақылауында.

ИМ өткен жылы жазда Ирак пен Сирияның басып алған аудандарында "халифат" құрған. Бұдан соң күрдтер өз автономияларының бір бөлігін және Ирак сүнниттері тұратын аймақты азат ету үшін ИМ-ге қарсы күреске шыққан.

Күрдістан автономиясының басшысы Масуд Барзани таяуда күрдтер "өз өмірін құрбан етіп азат еткен жерлерді" Ирак үкіметіне бермеуі керек деп мәлімдеген. "Ирактың құлайтыны анық. Орталық билік барлығын бақылаудан айырылып қалды. Армия, әскер, полиция - барлығы құрдымға кетіп барады" деді Барзани CNN телеарнасына берген сұхбатында.

XS
SM
MD
LG