Accessibility links

Маңғыстау соты жұмысшылар арызын қанағаттандырмады


Techno Trading LTD компаниясының жұмыстан шығарылған жұмысшыларының адвокаты Юрий Димко. Ақтау, 15 қыркүйек 2015 жыл.
Techno Trading LTD компаниясының жұмыстан шығарылған жұмысшыларының адвокаты Юрий Димко. Ақтау, 15 қыркүйек 2015 жыл.

Қыркүйектің 15­-сі күні Маңғыстау облыстық соты Techno Trading LTD компаниясының ереуілге қатысқаннан кейін жұмыстан шығарылған алты жұмысшының апелляциялық арызын қарады. Судья Марат Сабырбаев жұмысшылардың өздерін жұмыстан шығаруды дұрыс деп тапқан аудандық сот шешіміне шағымын өзгеріссіз қалдырды.

Жұмысшылар адвокаты Юрий Димконың Азаттыққа хабарлауынша, сотта компания өкілі соттың сауалына жауап беріп, 18­-19 мамырдағы ереуілге жұмыстан босатылған алты жұмысшының қатысқанын растаған.

- Сот «олар ереуілден соң еңбек заңын бұзды ма?» деп сұрады. Techno Trading LTD заңгері «бұзған жоқ» деп жауап берді. Қолданыстағы еңбек кодексінің 305­-бабына сәкес еңбек дауы болған кезде жұмыстан шығару заңсыз. Бірақ судья бұл уәжді ескермеді. Жұмысшылардың арызын қанағаттандырмады, - ­дейді Юрий Димко.

Techno Trading LTD компаниясының Маңғыстаудағы филиалының 300-­ге тарта жұмысшысы 18-19 мамырда еңбек ақыны көтеруді, әлеуметтік төлемдерді төлеуді талап етіп ереуілге шыққан. Компания басшылығы жұмысшылар ереуілін заңсыз деп танығанымен, 20 мамырда әлеуметтік төлемдер төлеуге келіскен. Алайда компания алты жұмысшы ­ Эрик Мифтахов, Марат Кеммекиев, Ерсайын Түйешиев, Айболат Өтесінов, Жолдас Көкімбай, Мырзабек Изеновты "себепсіз жұмыста болмады" деа жұмыстан босатқан. Олардың жұмыс беруішіні сотқа берген шағымын қараған Мұнайлы аудандық соты компания басшылығының бұйрығын қуаттап шешім шығарған.

­Біз 18 мамырда жұмыста болдық. Сол күні филиал директоры жұмысшыларды жинап жиналыс жасап, соңы наразылыққа ұласқан болатын. Оған басқа жұмысшылармен бірге біз де қатыстық. Бірақ жұмыста болмадың деп жұмыстан шығарды. ­Мойнымда несие, үш балам бар. Бәрі маған қарап отыр, енді соттасумен жүрміз, - ­дейді Мырзабек Изенов. Ол осы мекемеде автокран жүргізушісі болып еңбек еткен.

Маңғыстау облыстық сотына қатысуға келген Techno Trading LTD ЖШС­інің заңгері Тимур Маматов Азаттыққа түсініктеме беруден бас тартты.

Заңсыз жұмыстан шықтық деген жұмысшылар ары қарай кассациялық сотқа шағымданбақ.

«Маңғыстаумұнайгаз» компаниясына қызмет көрсететін Techno Trading LTD ЖШС­інің Маңғыстаудағы филиалы Жетібай кентінде орналасқан. Онда 700­ ге тарта жұмысшы еңбек етеді. Сорғыш және компрессорлық құбырларды тазалау, жөндеу цехтарында әр ауысымда 70 шақты адам жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG