Accessibility links

"Халық банк" Ұлттық банкті "бірізділікке" шақырды


"Халық банкінің" Алматыдағы бөлімшелерінің бірі (Көрнекі сурет).
"Халық банкінің" Алматыдағы бөлімшелерінің бірі (Көрнекі сурет).

"Халық банк" бүгін Қазақстан ұлттық банкін "қор нарығына қатысты бірізді болуға" және банктердің 2015 жылдың 17 тамызынан бастап биржадағы сауда үлесі туралы мәліметтерді жариялауға шақырды. Кеше Ұлттық банк Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттыққа қатысушы банктердің АҚШ доллары бойынша жасаған сауда-саттық көлемі туралы ақпаратты жариялаған. Ұлттық банк дерегі бойынша, "Халық банк" жасаған сауда-саттық көлемі 58 миллион долларды құраған.

"Халық банк" кешегі сауда-саттық айналымы бойынша 46 миллион доллар сатып, 12 миллион доллар сатып алғанын айтады.

"Халық банк" бұған қоса "жалпы сауда-саттық көлемін ғана емес, қор биржасына қатысушылардың сатып алу және сатудағы нетто көлемін де 17 тамыздан бастап жүйелі түрде жариялауды сұрайды. "Халық банк" биржада сауда-саттық көлемін ғана емес, АҚШ долларын сатып алу және сатудағы айырбас бағамын да жариялап отыру мүмкіндіктері бар дейді.

Қазақстан үкіметі тамыздың 20-сы күні ұлттық валюта бағамының ауытқу шегін алып тастаған соң теңге бір күнде шамамен 30 пайызға құнсызданып, бір АҚШ долларының бағасы 198 теңгеден 255 теңгеге дейін қымбаттап кеткен еді. Ал 16 қыркүйекте доллар құны 298-300 теңгеге дейін көтерілген. Бұдан соң Ұлттық банк ішкі валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін 144 миллион доллар шамасында валюталық интервенция жасаған.

XS
SM
MD
LG