Бүгін Павлодар облысындағы АП-162\2 колониясына әскер кіргізілді деп хабарлады Азаттыққа құқық қорғаушы Елена Семенова.
Елена Семенова - Павлодар облысындағы Қоғамдық бақылау комиссиясының төрағасы болғандықтан, «өзін колонияға жоспарлы түрде, алдын ала ескерту арқылы барғанын» айтады.
- Дүйсенбі, қыркүйектің 21-і күні колония басшылығына ескертіп, бүгін келетіндігімізді айтқан едік. Бүгін таңертең мен және әріптесім Антонина Жаакпен бірге колонияға барғанбыз, полиция қызметкерлері мекемені қоршап алыпты. Бізді кіргізбей қойды. Бізге Павлодар облысының қылмыстық атқару жүйесі департаментінің өкілі Борис Гаврилюк шығып, «колонияға әскер кіргізіліп, жоспарлы түрде тінту жүріп жатыр, қауіпсіздіктеріңізді қамтамасыз ете алмайтындықтан, ішке кіруге рұқсат ете алмаймын» деп түсіндірді, - деді құқық қорғаушы.
АП-162\2 колониясына хабарласқан Азаттық тілшісіне кезекші қызметкер «әскер кіргізіліп, жоспарлы тінту шарасы өтіп жатқанын" растады. Алайда мән-жайды түсіндіруден бас тартты. Колония басшылығымен хабарласу мүмкін болмады.
Павлодар облысындағы Қоғамдық бақылау комиссиясы ертең өздерінің жоспарлы қадағалауын жүргізбекке ниетті.