Accessibility links

Ауған әскері Кундузды қайтаруға шабуылға шықты


Кундуз қаласындағы бақылау бекеттерінің төбесіне тігілген Талибан туы.
Кундуз қаласындағы бақылау бекеттерінің төбесіне тігілген Талибан туы.

Ауғанстан армиясы елдің солтүстігіндегі Талибан басып алған Кундуз қаласын қайтарып алу үшін бүгін қарсы шабуылға шықты. "Кундузға қосымша әскер түсіріліп, операция басталып кетті" деп хабарлады елдің қорғаныс министрлігі.

Ресми ақпарат бойынша, үкімет әскері Талибан содырларынан қаладағы түрме мен уәлаят полициясының бас кеңсесін қайтарып үлгерген.

Қыркүйектің 28-і күні Талибан жасақтары қауіпсіздік күштерімен бірнеше сағатқа созылған ұрыстан соң Кундузды басып алған. Ал ауған әскері мен ресми мекемелер Кундуз әуежайына қарай шегінген. Қаладағы үкіметтік мекемелерді басып алған Талибан содырлары түрмедегі жүздеген тұтқынды да босатқан. Кейбір ақпараттар бойынша, өткен түні қалада бірлі-жарым атыс үні естіліп, қала жарықсыз қалған.

Ауғанстан ішкі істер министрінің орынбасары Аюб Саланги бұған дейін Талибанның қаланы қалай басып алғаны тексерілетінін мәлімдеген.

"Шекарасыз дәрігерлер" халықаралық ұйымының хабарлауынша, ұйым қаладағы ұрыста жараланған 100-ден астам адамды емдеген және ауруханасы қазір жаралыларға толы.

Бір жыл бұрын халықаралық әскери коалиция елден шыққан соң Талибанмен жалғыз соғысып келген ауған үкіметінің күштері соңғы 14 жыл ішінде алғаш рет уәлаят астанасынан айырылып қалып отыр.

Кундуз - Ауғанстанның солтүстігін орталығымен жалғап тұрған күре жолдар басып өтетін уәлаят.

XS
SM
MD
LG