Парламент сенаты депутаттары бүгін Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) аумағында дәрі-дәрмек пен медициналық жабдықтар қолданысының ортақ принциптері мен ережелері туралы келісімді мақұлдады.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ұйғарымынша, келісім бойынша 2016 жылдың қаңтарынан бастап ЕАЭО елдерінде "дәрі-дәрмек пен медициналық тауарлардың ортақ нарығы" жұмыс істей бастайды.
Құжат бойынша, медициналық препараттар ЕАЭО аумағында ортақ ереже бойынша тіркеуден өткеннен кейін ғана еркін қолданысқа түседі. Министрлік мәліметінше, ЕАЭО-ның тіркеуден өткізу туралы ортақ ережелері Еуропа Одағының талаптары мен қағидаттары негізінде түзілген. Министрлік айналымға жіберуде препараттарды таңбалау мен оларды қолдану туралы нұсқаулықта мемлекеттік тілдің қолданылуы туралы әр мемлекеттің заңдары сақталады дейді.
ЕАЭО 2015 жылдың қаңтарынан жұмыс істейді. Одаққа Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Армения мүше.