Батыс Қазақстан облысындағы Самара-Шымкент жолында жеңіл көлік жүк көлігімен соқтығысып, үш адам мерт болды. Екі адам жараланып ауруханаға түсті.
Облыстық ішкі істер департаментінің мәліметінше, 11 қазан күні болған жол апатында "Lada Granta" жеңіл көлігі алдындағы жүк көлігімен соқтығысқан. Жол апатынан жеңіл көліктегі 1954 жылы туған ер адам, 1955 және 1954 жылы туған екі әйел қайтыс болған. Жүргізуші мен 1974 жылы туған тағы бір әйел жараланған. Жол апатына қатысты қылмыстық кодекстің "жүргізушінің жолда жүру немесе көлік құралын пайдалану ережесін бұзу" бабы бойынша тергеу басталған.