Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуінде Путиннің Қазақстанға сапарын "ерекше оқиға" деп мәлімдеді. Ақордадағы кездесуі қарсаңында Назарбаев Ресей - Қазақстанның Еуразия экономикалық одағындағы (ЕАЭО) стратегиялық әріптесі екенін айтқан. Назарбаевтың пікірінше, қазір өзара тауар айналымы көлемінің азайып кетуі "уақытша құбылыс" және проблемаларды шешу үшін ішкі резервтерді пайдалану қажет.
- ЕАЭО барлық мекемелер тең құқылы болғанда, шенеуніктеріміз өзін халықаралық деңгейдегі шенеуніктер ретінде сезінгенде, ЕАЭО-ға мүше барлық елдің мүддесі мен ортақ экономикалық ұстанымға қызмет еткенде ғана өмір сүре алады, - деді Назарбаев.
Путин қазіргі жағдайда екі ел қарым-қатынасы екі жақты жоспар аясында "өте тиімді" дамып жатыр деп санайтынын айтты.
- Кейбір қиындықтарға қарамастан, Ресейдің Қазақстанға салған орташа инвестиция көлемі артып келеді және ол тоғыз миллиард АҚШ долларынан асты. Қазақстанның сыртқа шығаратын мұнайының көбі Ресей аумағы арқылы тасымалданады, - деді Путин кездесуде.
Путин Астанаға кеше кешке келген. Ол ертең Назарбаевпен бірге ТМД елдері басшылары кеңесі мен Еуразия экономикалық кеңесінің жиынына қатысады.