Accessibility links

Белсенділер еңбек кодексі жобасына алаңдайды


Белсенділер Олеся Халабузарь (сол жақта) мен Алексей Нигай еңбек кодексі жобасы туралы жиында. Алматы, 15 қазан 2015 жыл.
Белсенділер Олеся Халабузарь (сол жақта) мен Алексей Нигай еңбек кодексі жобасы туралы жиында. Алматы, 15 қазан 2015 жыл.

Алматыда бірқатар белсенділер қазанның 7-сі күні парламент мәжілісі екінші оқылымда мақұлдаған еңбек кодексі жобасына алаңдаушылығын білдіріп, оған қарсы қол жинауға кіріскенін мәлімдеді. Алматы кәсіподақтар ассоциациясының өкілі Алексей Нигай "заң қабылданса жұмыстан шығып қалғандарды заңды түрде жұмысына қайтару мүмкіндігі жоғалады» дейді. Өйткені оның сөзінше, құжатта «өндіріс қысқарып, атқарылатын жұмыс пен көрсетілетін қызмет көлемінің азаюы ұйымның экономикалық жағдайының нашарлауына себеп болса» жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шарты үзілуі мүмкін екендігі көрсетілген. Сонымен қатар, жұмыс беруші жұмысшымен арадағы еңбек шартын жасағанда қанша уақытқа жұмысқа алатын мерзімін көрсетпеуге құқылы. "Яғни қызметкер бір айдан кейін не бір жылдан кейін жұмыссыз қалуы әбден мүмкін" дейді жиналғандар.

Олардың сөзінше, қазір бұл заң жобасы қоғам назарынан жасырын талқыланып, тез арада сенатқа жіберілуі күдікті. Белсенділердің пікірінше, «бұл құжат кімдердің мүддесін көздеп отырғаны белгісіз, дегенмен қазіргі жағдайда ол жұмыс берушінің ыңғайына жасалғаны байқалады». Ендігіде аймақтағы кәсіподақ өкілдерімен байланысып, осы заң жобасына қарсылардан қол жинау басталған.

Жобаны әзірлеген денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің парламентте хабарлауынша, құжатта жұмыс берушілер үшін қызметкерді жалдау,кадр ауыстыру, жұмыстан босату, жұмыскерлер еңбегіне ақы төлеу мен еңбек жағдайына қатысты процедуралар жеңілдетілген және еңбек келісім-шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша үзуге негіздер кеңейтілген. Жоба авторлары жаңа еңбек кодексінде мұндай негіздердің пайда болуын «экономикадағы қазіргі ауыр жағдаймен» байланыстырады.

XS
SM
MD
LG