Accessibility links

Венгрия Хорватиямен шекарасын жапты


Венгрияның Хорватиямен шекарасы маңындағы мигранттар мен венгр полициясы қызметкері. 16 қазан 2015 жыл.
Венгрияның Хорватиямен шекарасы маңындағы мигранттар мен венгр полициясы қызметкері. 16 қазан 2015 жыл.

Венгрия Сирия, Ауғанстан, Ирак пен Африкадан Еуропаға толассыз келіп жатқан мигранттар ағынына тосқауыл қою үшін Хорватиямен шекарасын сенбіден бастап жабатынын жариялады. Бұл туралы жұма күні елдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі шенеуніктерімен кездесуден соң Венгрия сыртқы істер министрі Петер Сирято мәлімдеген.

Венгрия қазіргі кезге дейін Еуропа Одағы аумағына «Балқан құрлық жолы бағытымен» келетін мигранттарды тоқтату мақсатында Хорватия шекарасы бойына тікенек сым темірден қоршау орнатып қойған болатын. Бұған дейін, қыркүйектің 15-і күні Венгрия Сербиямен шекараны да дәл осылау жауып тастаған. Бұдан соң мигранттар Сербиядан Венгрияға Хорватия арқылы айналып баруға әрекет жасады. 2015 жылдың басынан бері Венгрияға 383 мыңнан аса мигрант енген. Олардың түгел дерлігі Германияға және ЕО-тың өзге елдеріне баруға тырысқан.

Халықаралық көші-қон ұйымының жұма күні хабарлауынша, биыл 600 мыңнан аса адам Батыс Еуропаға Жерорта теңізі арқылы барған. Атап айтқанда, қазанның 15-індегі мәліметке сәйкес, Грекия, Италия, Испания және Мальта жағалауына 613 мың 179 адам теңіз жолымен жеткен деп мәлімдеді халықаралық ұйым.

Олардың басым көпшілігі – 473 мың адам – Грекияда қалған. 137 мыңға жуығы Италияға баруды ұйғарса, Испания мен Мальтаның әрқайсысына үш мың адам барған.

Жерорта теңізі арқылы жетпек болған үш мыңнан аса адам суға кетіп қаза болған. Бұл жалпы былтырғы жылы мерт болғандар санына жетеғабыл.

XS
SM
MD
LG