АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында 17 қазанда (Қазақстанда жексенбі күні таңертең) өткен жекпе-жекте қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин канадалық Давид Лемьені сегізінші раундта техникалық нокаутпен ұтты.
33 жастағы Головкин осымен 34-кездесуінде жеңімпаз атанып отыр. Кәсіпқой рингтегі 31 жекпе-жекте нокаутпен жеңіске жеткен қазақстандық боксшы орта салмақтағы WBA (Super), IBO және WBC (Interim) дәрежелері бойынша әлем чемпионы атағын сақтап қалды және Лемьеге тиесілі IBF дәрежесі бойынша әлем чемпионы атағын иеленді.
Бұған дейін рингте 36 кездесу өткізген Лемье осымен үшінші кездесуінде жеңілді.
Геннадий Головкин биыл кәсіпқой бокста үш кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Ол ақпанда Монакода ұлыбританиялық Мартин Мюррейді, мамырда – АҚШ-та кіші Вилли Монроны нокаутпен ұтқан еді.