Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотындағы процесте бүгін прокуратура өкілі судьядан бұрынғы әйелін өртеп өлтірген деген айып тағылған Қанат Сәдуовқа 18 жыл түрме жазасын беруді сұрады.
42 жастағы Қанат Сәдуов сот барысында өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген.
Биыл мамырдың 26-сы күні Астанадағы мектептердің бірінің жанында денесі өрттен қатты күйген мұғалім әйел ауруханаға жеткізілген соң бірнеше күннен кейін қайтыс болған. Бұл қылмыстық оқиға бойныша оның бұрынғы күйеуіне іздеу жарияланып, Қанат Сәдуов қыркүйек айында туыстарының үйінде тығылып жатқан жерінен ұсталғаны хабарланған.
Сотта туыстарының берген куәліктері бойынша, Сәдуовпен 20 жылдан аса некеде болған Светлана күйеуінен ажырасқан соң балаларымен бірге Астанадағы әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғайтын дағдарыс орталығында тұрған.