Accessibility links

Астана полициясы белсендіге іс қозғалғанын растады


Астаналық белсенді Болатбек Біләлов.
Астаналық белсенді Болатбек Біләлов.

Астана полициясы жергілікті қоғамдық белсенді Болатбек Біләловтің үйіне тінту жүргізіліп, үстінен қылмыстық іс қозғалғанын Азаттыққа растады.

«Астана қаласының тұрғыны Болатбек Біләловтің үстінен Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-тармағы («әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, қауымдық немесе діни алауыздықты қоздыру») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Прокурордың санкциясы бойынша, оның үйіне тінту жүргізіліп, айғақ заттар алынды, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр» деп хабарлады Астана қалалық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің өкілі Софья Қылышбекова.

Оның айтуынша, қылмыстық істі қозғауға Болатбек Біләловтің әлеуметтік желілерде жариялаған материалдары негіз болған.

Бұған дейін Болатбек Біләлов Азаттыққа 30 қазан күні таңертең үйіне келген полиция өкілдері бірнеше сағат тінту жүргізген соң кейбір құжат-қағаздарын, электрондық деректер сақталған компьютерін, IPad, мобильдік телефон және басқа заттарын алып кеткенін хабарлаған.

Ол полицейлер өзіне Facebook, YouTube әлеуметтік желілерде жариялаған «орыс фашизмі», «қазақ ұлтшылдығы», «Щебскладтағы оқиға хроникасы» туралы және т.б. материалдарына қатысты тергеу басталғанын хабарлағанын айтқан еді.

Болатбек Біләлов Астанада сүрілуге жатқызылған үйлері орналасқан жер теліміне төленетін өтемақы сомасына келіспейтін тұрғындардың мүддесін сотта қорғаушы ретінде танымал. Сонымен бірге ол улы гептил отынын пайдаланатын ресейлік зымырандарды Байқоңырдан ұшыруға қарсы шығып жүрген «Антигептил» тобының мүшесі.

XS
SM
MD
LG