Вена қаласында Сириядағы жанжалды реттеу мәселесі бойынша өткен халықаралық келіссөзге қатысушылар соғыс болып жатқан бұл елде бейбітшілік орнату және жанжалды саяси жолмен шешу ісінде арағайындық жасауды сұрап БҰҰ-на өтініш айту туралы келісімге келді. Бұл туралы жұма күні Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могерини мәлімдеген.
Австрия астанасында 17 мемлекеттің, БҰҰ мен Еуропа одағының өкілдері Сириядағы жанжалды бейбіт жолмен реттеу мәселесін талқылаған. Тұңғыш рет бұл жиынға Сирия президенті Башар Асадты қолдайтын Иран да қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – сириялық көтерілісшілерді қолдайтын АҚШ пен оның одақтастары және Асад режимін жақтайтын Иран мен Ресей арасындағы келіспеушіліктерді еңсеріп, мәмілеге келетін шешім табу еді.
Сирияда төрт жарым жыл бойы жалғасып жатқан қарулы жанжал салдарынан кемінде 200 мың адам қаза тауып, бірнеше миллион адам тұрғылықты мекенін тастап кетуге мәжбүр болған.