Accessibility links

Бухарест түнгі клубындағы өрт құрбандары саны 41 адамға жетті


Түнгі клубтағы өрт оқиғасы Румынияда үкіметке қарсы наразылыққа ұласты. Бухарест, 4 қараша 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Түнгі клубтағы өрт оқиғасы Румынияда үкіметке қарсы наразылыққа ұласты. Бухарест, 4 қараша 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Румыния астанасындағы Colectiv түнгі клубындағы өрттен кейін ауыр халде ауруханаға жеткізілген тоғыз адам қайтыс болған соң қайғылы оқиға құрбандарының саны 41 адамға жетті. Бұл туралы жергілікті билік өкілдеріне сілтеме жасап Associated Press агенттігі хабарлады.

Румыния баспасөз құралдарының хабарлауынша, өрттен зардап шеккен 105 адам қазір дәрігерлердің бақылауында ем алып жатыр, олардың 46-сы аса ауыр халде жатқаны айтылады.

Бухарестегі Colectiv түнгі клубында 30 қазанда кешке болған өртте сол күні отызға жуық адам қаза тауып, 200-дей адам зардап шеккені хабарланған еді. Куәгерлердің айтуынша, өрт шыққан сәтте клубта өтіп жатқан рок-концертке бірнеше жүз адам – негізінен жастар мен жасөспірімдер жиналған.

Бұл оқиғадан соң Бухаресте және басқа қалаларда жұртшылық наразылық акцияларына шығып, қайғылы оқиға болған түнгі клубтың жұмыс істеуіне рұқсат берген шенеуніктерді жазаға тартуды және үкіметтің оставкаға кетуін талап еткен.

2012 жылдан бері Румыния үкіметінің жетекшісі қызметін атқарған 43 жастағы Виктор Понт қарашаның 4-і күні премьер-министр қызметінен кетті. Румыния президенті Клаус Йоханнис премьер-министр міндетін атқаруды білім министрі Сорин Кымпянуге уақытша жүктеген. Өрт болған түнгі клуб орналасқан ауданда бірнеше адам қызметтен алынып, оларға қарсы іс қозғалған.

XS
SM
MD
LG