Accessibility links

АҚШ конгресі Украинаға әскери көмек беруді мақұлдады


АҚШ конгресі. (Көрнекі сурет).
АҚШ конгресі. (Көрнекі сурет).

АҚШ конгресі мақұлдаған елдің қорғаныс бюджеті жобасында Украинаға көмек көрсету де қарастырылған. Бюджет жобасында Украинаға сепаратистермен күресуі үшін 300 миллион доллар бөлу қарастырылған. 50 миллион доллар қару-жарақ, оның ішінде құрыш бұзатын жүйе, гранатомет, миномет пен кіші калибрлі қару-жарақ және оқ-дәрі алуға жұмсалуы мүмкін. Бұған дейін Обама әкімшілігі "Ресейді арандатуы мүмкін" деген қауіппен Украинаны қаруландыруға шақырған үндеулерді елемей келген.

Құжат бұған қоса Ресей қарулану туралы келісімдердің бірін бұзды деп тапса, онда Ақ үйге жауап шараларын қолдануды міндеттейді. Бюджет жобасы бойынша, Ақ үй белгілі бір мерзімге дейін конгреске Ресейдің 1980 жылдардың соңында қол қойған орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімді бұзбағаны туралы есеп беріп отыруы тиіс.

АҚШ мемлекеттік департаменті маусым айында жариялаған есебінде Ресей билігі келісімді бұзатын зымыран жүйесін қолданды деп хабарлаған. Мәскеу мұны жоққа шығарып, есесіне Вашингтонды тыйым салынған қару-жарақ жүйесін қолданды деп айыптаған.

АҚШ президенті Барак Обаманың өкілдері оның бюджет жобасына қол қоюы ықтимал екенін хабарлады. Обама бұған дейінгі бюджет жобасына Кубаның Гуантанамо әскери базасында қамауда отырған қалған сотталушыларды АҚШ түрмелеріне ауыстыруға тыйым салғандықтан вето қойған еді.

XS
SM
MD
LG