Accessibility links

Париждегі шабуылға күдікті жетеудің бірі анықталды


Париж көшесінде тұрған полиция көлігі. (Көрнекі сурет.)
Париж көшесінде тұрған полиция көлігі. (Көрнекі сурет.)

Парижде 13 қарашада жасалған террорлық шабуылдарды тергеу тобы осы қылмысқа қатысты бір күдіктінің аты-жөнін анықтаған. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, ол адам – бұған дейін қылмыс жасағаны үшін құқық органдарының назарына ілінген 29 жастағы Омар Исмаил Мостефа есімді француз азаматы. Тергеушілер оны «Батаклан» концерт орталығында адамдарды кепілге алған үш қылмыскер өз-өздерін жарып жіберген жерден табылған саусағынан анықтаған. Мостефа радикалдық көзқарас ұстанған деп хабарлайды BBC.

Париждегі терактілер үшін жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы өз мойнына алған. Соңғы деректер бойынша, шабуылдар салдарынан 129 адам қаза тауып, 350-ден аса адам жараланған, олардың 99-ы ауыр халде жатқаны туралы хабарланды.

France-Presse агенттігі Францияда өз басын өлімге тіккен жанкештілер шабуылы алғаш рет жасалғанын атап көрсеткен. Бұған дейін биыл қаңтарда Париждегі Charlie Hebdo сатиралық апталық басылымына жасалған шабуылдармен салыстырғанда, осы жолғы терактілерді іске асырғандардың ешқайсы бұған дейін террорлық іс-әрекетке байланысты түрме жазасына кесілмеген.

Париждегі террорлық шабуылдарға қатысты тергеулер Франциямен бірге Еуропаның өзге елдерінде де жүргізіліп жатыр. Терактілерге қатысы болуы мүмкін деген күдікпен Бельгияда бірнеше адам ұсталған. Германияда көлігінен жарылғыш зат табылған ер адамның Парижде шабуыл жасағандарға қатысының бар-жоғы тексеріліп жатыр. Терактілер жасап мерт болғандардың бірінің денесінің жанынан табылған Сирия паспорты экстермистердің кейбіреулері Еуропа аумағына босқын атын жамылып кіріп алған болуы мүмкін деген күдікті күшейткен.

Прокуратура мәліметі бойынша, әрқайсы денесіне жарлығыш зат – «шаһид белдігін» тағып алып Париждегі «Батаклан» концерт орталығына, бірқатар мейрамханалар мен кафе-барлардың қонақтарына қарулы шабуылдар мен стадион маңында жарылыстар жасаған жеті адам түгел өлген: алтауы өз-өзін жарып жіберген, біреуі полицияның оғына ұшқан. Қылмыскерлер 40 минуттың ішінде алты шабуыл жасаған.

Франция президенті Франсуа Олланд жұмада болған шабуылдарды «Францияға қарсы соғыс» деп атап, оған «аяусыз» жауап қайтарылатындығын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG