Accessibility links

Париж: ұсталғандар арасында шабуылды ұйымдастырушы жоқ


Күдікті содырлар бекінген пәтердің терезесі. Париж, 18 қараша 2015 жыл.
Күдікті содырлар бекінген пәтердің терезесі. Париж, 18 қараша 2015 жыл.

Париждің Сен-Дени ауданында 13 қарашадағы терактілерге қатысы болуы мүмкін деген күдікпен ұсталғандардың арасында терактілерді ұйымдастыруға күдікті саналатын бельгиялық Абделхамид Абаауд жоқ деп мәлімдеді қала прокуроры Франсуа Молен.

Прокурор қаланың солтүстігінде орналасқан аудандағы пәтерде полициямен атыстан соң екі адамның денесі табылғанын, бірақ олардың әзірге кім екені анықталмағанын айтты. Оның сөзінше, тергеушілер барлау мәліметтеріне сүйеніп, «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының мүшесі деген күдікке ілінген Абделхамид Абаауд әлгі пәтерде болуы ықтимал деп жорамалдаған.

Бұның алдында, 19 қарашада полициямен атыста бір жанкешті әйел өз-өзін жарып жібергені хабарланған. Одан өзге оқ тиіп мерт болған тағы бір адамның денесі табылған.

Париждің Сен-Дени ауданында жүргізілген рейд қорытындысын жариялаған Молен «әзірше қаза тапқандардың нақты санын және олардың кім екенін айта алмайтынын» мәлімдеген.

Washington Post басылымы барлау қызметіндегі жоғары шенді екі дереккөзіне сілтеме жасап, Абделхамид Абаауд қаза тапқан деп хабарлад. Газеттің жазуынша, содырлар жаңа шабуылдар жасауды жоспарлаған.

13 қарашада Парижде бірнеше жерде болған терактілер салдарынан 132 адам қаза тауып, 350-ден аса адам жараланған. Терактілерге жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы мойнына алған.

XS
SM
MD
LG