Accessibility links

Тәжік оппозиционеріне шыққан үкім күшінде қалды


Тәжікстандық оппозиционер әрі бизнесмен Зайд Саидов.
Тәжікстандық оппозиционер әрі бизнесмен Зайд Саидов.

Тәжікстан жоғарғы сотының апелляциялық алқасы бизнесмен, тіркелмеген оппозициялық «Жаңа Тәжікстан» саяси партиясының жетекшісі Зайд Саидовқа жаңадан шыққан сот үкімін күшінде қалдырды. Азаттықтың Тәжік редакциясының хабарлауынша, жаңа үкімнен соң Саидовтың түрмеде отыру мерзімі 29 жылға ұзарған. Бұған қоса сот оны 34 миллион сомони төлеуге міндеттеген.

11 тамызда жоғарғы сот Зайд Саидовты жаңа қылмыстық іс бойынша «экономикалық қылмыс жасады» деп айыптап, бұрынғы жазасына тағы үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын қосқан. Тұтқынның туыстары сот үкімін қайта қарауды талап етіп, шағым түсірген.

Саидовтың туыстары апелляциялық шағым Душанбедегі абақтыда бір апта қаралып, шешім бүгін шыққанын айтады. Саидовтың өзі бірнеше күн бұрын соттағы сөзінде өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеген.

Тәжікстан соты Зайд Саидовты 2013 жылы желтоқсанда «қаржылық алаяқтық жасады, көп әйел алды және кәмелетке толмағандармен жыныстық қатынас жасады» деп айыптап, 26 жылға соттаған.

Зайд Саидов 2013 жылы Тәжікстан президенті сайлауына дайындық кезінде өз партиясының саяси бағдарламасын ұсынып, үкіметті «тиімсіз реформалар жүргізіп, шағын және орта бизнеске қысым жасағаны және бағаны қымбаттатып, коррупцияны асқындырғаны» үшін қатаң сынаған еді.

XS
SM
MD
LG