Әлемде бар-жоғы төрт дарасы ғана қалған солтүстік ақ мүйізтұмсығының бірі АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан Диего зоопаркінде өлді.
Зоопарк басшылығының хабарлауынша, Нола деп аталатын 41 жастағы ұрғашы солтүстік ақ мүйізтұмсықтың жағдайы күрт нашарлаған соң дәрігерлер 22 қарашада оны эвтаназия арқылы қиналмай өлтірген.
Зоопаркте 1989 жылдан бері өмір сүрген Нола мүйізтұмсығы инфекция мен басқа да ауруға шалдыққан. 13 қарашада жасалған операциядан соң мүйізтұмсық тамақ ішуден қалған болатын.
Қазір әлемде бұл мүйізтұмсықтың үш дарасы ғана қалды. Олардың барлығы Прагадағы зоопарктің меншігі болғанымен, үшеуі де қазір Кениядағы Оль Педжета қорығында өмір сүреді және оларды қарулы жасақ күзетеді.
Мамандар саны аз қалған жануарлардың көбею мүмкіндігі тым аз екенін айтып, солтүстік ақ мүйізтұмсықтар мүлдем жойылып кетуі мүмкін дейді.