Ресейдің Ульяновск қаласында бір топ жергілікті тұрғын түркиялық Efes сыра қайнату зауытының алдында наразылық акциясын өткізді деп хабарлайды Азаттықтың Орыс редакциясы. Жергілікті ақпарат құралдарының ақпаратына қарғанда, акцияға қатысқан жастар зауыт кеңсесінде тігіліп тұрған Түркияның туын жұлып алып, оған жұмыртқа жарған.
Наразы топ Түркия туының орнына Ресей туы мен әуе десанты әскерінің туын іліп қойған. "Ульяновск - город новостей" басылымының хабарлауынша, Түркияның туын құқық қорғау органы өкілдерінің көзінше жұлып тастаған. Жиналғандар бұған қоса зауыт есігін сындырмақ болған.
24 қарашада Түркияның жойғыш ұшағы Сириямен шекарада Ресейдің Су-24 бомбалаушы ұшағын "елдің әуе кеңістігін бұзды" деп атып түсірген. Ресей қорғаныс министрлігі ұшақ Сирияның әуе кеңістігінде болғанын айтып, Түркия шекарасын бұзғанын жоққа шығарады. Ұшақ апатынан бір ұшқыш қаза тапты. Кейбір мәліметтер бойынша, екінші ұшқыш тірі қалған.
Кеше Түркияның Мәскеудегі елшілігі алдында қарсылық акциясы өткен. Оған қатысқандар Түркия билігінің әрекетіне наразылық танытқан. Ал Стамбулдағы Ресей бас консулдығының алдында ондаған адам жиналып, Ресей әуе күштерінің Сирияда түркімендер тұратын аймақтарда жасап жатқан шабуылдарына қарсылық білдірген.