Украина қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасы Донбастағы сепаратистердің әскери іс-әрекетіне Ресей қарулы күштері бас штабы басшысының орынбасары Сергей Истраков пен Оңтүстік әскери округінің аумақтық әскери орталығы штабының басшысы Михаил Теплинский басшылық жасайды деп санайды. Украина барлау қызметінің мәліметінше, ресейлік екі генерал да 2015 жылдың басында Украинаның шығысындағы әскери іс-қимылдарға жауаптылар болып тағайындалған.
Кеше Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) бақылаушылар миссиясының өкілі Александр Хуг Донбастағы жағдай «болжауға келмейтін күйде» қалып отырғанын мәлімдеген. Оның сөзінше, соңғы аптада бақылаушылар украин әскері мен сепаратистердің де бір-біріне бірнеше рет оқ атқанын тіркеген. ЕҚЫҰ өкілі тараптар ірі калибрлі пулеметтер мен танкіге қарсы құрылғылар, минометтер мен ауыр артиллерия қолданғанын айтады.
«Бұл бітімнің қаншалықты солқылдақ екенін ғана емес, жалпы жағдайдың болжауға келмейтінін көрсетеді» деп мәлімдеген Хуг.