Сауд Арабиясында қамауда жатқан блогер Раиф Бадауи (31 жаста) Еуропа Одағының ой еркіндігі үшін берілетін Сахаров атындағы сыйлығын алды.
Бадауи 2012 жылы "дінге тіл тигізді" және "әкесіне бағынбады" деген айыппен қамалып, 2014 жылы 10 жылға сотталған. Джидда соты оған қосымша жаза ретінде "266 мың доллардай айыппұл салынсын, 1000 дүре соғылсын" деп шешкен. Бадауидің бұлай жазалануына оның саудиялық діни жүйені сынап, "өзгеріс керек" деп жазған блогы себеп болған.
АҚШ-тың араб әлеміндегі ең жақын одақтасы болып саналатын Сауд Арабия патшалығы консервативтік уаххаби - сүннит ислам бағытын ұстанады. Елдегі сот жүйесі діни жетекшілікке бағынышты. Мемлекетте басқа дін өкілдерінің құлшылық ғимараттарына жиналуына тыйым салынған. Былтыр қабылданған жаңа заң бойынша, атеизм террористік көзқарас болып саналады.
Блогер Бадауиге алғашқы 50 дүре биылғы қаңтарда соғылған. Оның әйелі мен үш баласы Канадада саяси баспана алып тұрып жатыр.