АҚШ мемлекеттік департаменті өкілі Вашингтонның "демократияны дамыту үшін АҚШ миллиардері Джордж Сорос құрған қайырымдылық қорының Ресейдегі жұмысына тыйым салынғанына алаңдайтынын" айтты. Марк Тонердің айтуынша, "Открытое общество" (Ашық қоғам) және "Содействие" (Жәрдем) қорларының "жағымсыз ұйымдар" қатарына жатқызылуы Ресейдегі азаматтық қоғамның дамуын одан сайын тежейді.
Ресей бас прокуратурасы өкілі "бұл қорлар қызметі Ресей ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді және конституцияға қайшы" деп мәлімдеген еді. Тонер ресми хабарламада Ресейдің бұл әрекетін "сөз бостандығын шектеудің көрінісі және ресейліктерді әлемнен оқшаулау тәсілі" деп атады.
"Открытое общество" қорының мәлімдемесінде "Ресей прокуратурасының айыптауларына қарамастан, қор ширек ғасыр уақыт бойы Ресейде заң үстемдігінің орнату мен азаматтар құқығын қорғау жолында еңбек етті" деп жазылған. Онда Соростың сөздері де келтірілген. Джордж Сорос "Біз бұл шешімді уақытша адасу деп ойлаймыз. Ресейліктердің жарқын болашаққа деген үміті бұлайша бұзылмауы керек және жақын арада ондай болашақ орнайды деп санаймыз" деген.