Accessibility links

Мәскеу соты Жириновскийдің Горбачевке шағымын қарайды


Владимир Жириновский (сол жақта) мен Михаил Горбачев.
Владимир Жириновский (сол жақта) мен Михаил Горбачев.

Мәскеудің Тимирязев аудандық соты бүгін ресейлік саясаткер Владимир Жириновский мен ол басқаратын Либерал-демократиялық партияның «ар-намысы мен іскерлік беделін қорғау» туралы СССР-дың соңғы басшысы Михаил Горбачевтің үстінен түскен шағымын қарауды жалғастырады. Жириновский Горбачевті оның 2014 жылы шыққан «После Кремля» деп аталатын кітабындағы өзіне қатысты пікірі үшін сотқа берген.

«Интерфакс» агенттігінің хабарлауынша, бұған дейінгі сот отырысы құжаттармен танысу үшін уақыт керектігін айтқан шағымданушының өтініші бойынша кейінге қалдырылған. Сот тараптарды отырысқа өз ұстанымдарын қорғайтын барлық құжаттарын әкелуді сұраған.

Жириновский Горбачев пен баспаның әрқайсысынан моральдық өтемақы ретінде 500 мың рубльден жиыны 1 миллион рубль (шамамен 15 мың 200 АҚШ доллары) төлеуді және өзіне қатысты Горбачевтің кітапта жазған пікірлерін ресми түрде терістеуін талап етеді.

Горбачевтің кітабында Ресейдің ұлтшыл Либералды-демократиялық партиясының жетекшісі Жириновский бірнеше рет аталады. Горбачев Жириновский бірнеше рет «арандатушылық ұйымдастырған болуы мүмкін» деп, оның кейбір мәлімдемелерін «экстремистік» деп атаған.

«Весь мир» баспасы өкілінің пікірінше, Михаил Горбачев кітабында өзінің бағалау тұрғысындағы пайымдауын білдірген.

XS
SM
MD
LG