Accessibility links

Тәжік президенті Рахмон да «Ұлт көшбасшысына» айналып жатыр


Тәжікстанды 1992 жылдан бері басқарып келе жатқан Эмомали Рахмон.
Тәжікстанды 1992 жылдан бері басқарып келе жатқан Эмомали Рахмон.

Тәжік парламенті президент Эмомали Рахмонға «Ұлт көшбасшысы» мәртебесін беретін заң жобасын мақұлдады. Онда Рахмонды сотқа тартуға болмайтыны жазылған. Заңды сынап жатқандар да бар.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға «Ұлт көшбасшысы» мәртебесін беретін заңның парламентте мақұлдануын қарсыластары мен бәсекелестері қатты сынап, «Тәжікстан демократиядан тағы бір қадам алшақтады» деген сарындағы пікірлер білдіріп жатыр.

Желтоқсанның 9-ы күні парламенттің төменгі палатасында қабылданған заң Рахмонды ресми түрде «Тәжікстандағы бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы» деп атауды, оның президент қызметін атқару жолында жасаған әрекеттерінің ешқайсысы үшін жауапқа тартылмауын қарастырады.

Тәжікстан парламенті. Душанбе, 17 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)
Тәжікстан парламенті. Душанбе, 17 наурыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет)

Бұл заң бойынша Совет Одағы құлағалы (1991 жыл – ред.) Тәжікстан билігін ешкімге бермей келе жатқан 63 жастағы бұрынғы совхоз (кеңестік шаруашылық фермасы – ред.) директорының отбасы мүшелері де қорғалады. Яғни, Рахмон әулетінің мүшелері мен олардың мүліктеріне тиісуге болмайды.

Заң жобасын жоғары палата да мақұлдаған тәрізді. Парламенттің екі палатасында да президентті қолдайтындар көп. Халықаралық бақылаушылар бұл елде өткен сайлауларды үнемі сынайды, Рахмонның қарсыластары «сайлау кездерінде алаяқтық әрекеттер жасалады» дейді.

Белгілі тәжік құқық қорғаушысы, 2013 жылы президент сайлауына түспек болған жерінен бәсекеден шеттетілген Ойнихол Бобоназарова заң жобасын «демократияны мазақ ету» деп бағалады. Ол Азаттық радиосына «Тәжікстан өзін демократиялық ел ретінде көрсетуге тырысады, сондықтан демократиялық талаптарды ұстануы тиіс. Демократияның елесі емес, өзін іске асыру керек» деді.

Тәжікстан тұрғындарының көбі - кедей мұсылмандар. Бұл ел қарулы қақтығыстар жиі болатын Ауғанстан мемлекетімен шектесіп жатыр. Тәжікстанның жүздеген азаматы Таяу Шығысқа аттанып, «Ислам мемлекеті» (ИМ) содырлар ұйымына қосылған.

Рахмон үкіметі Орталық Азия елдеріндегі ресми тіркелген жалғыз ислам партиясын жауып тастады. Бұл партияның жетекшілері кезінде мықты оппозициялық күш болған еді. Қазір оларға билік «төңкеріс жасауды жоспарлаған» деген айып тағып отыр. 1992-1997 жылдары елдегі азамат соғысына қатысқан партия мүшелері бұл айыпты терістейді.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Душанбе, 14 қыркүйек 2015 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Душанбе, 14 қыркүйек 2015 жыл.

Төменгі палата спикері Шукуржон Зухуров жаңа заңның елдегі «демократиялық процестің жалғасуына кедергі келтірмейтінін» айтты. Ол «Ұлт көшбасшысы» мәртебесі өзге мемлекет басшыларында да бар» дейді. Басқалармен қатар ол АҚШ президентін де атады, бірақ АҚШ басшысының ондай мәртебесі жоқ.

Заң жобасы Орталық Азиядағы екі елдегі осы тақілеттес заңдарға ұқсайды. Ол мемлекеттердің де президенттері билікте көп жылдан бері отыр және өзін сынайтындарды жақтырмайды. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2000 жылдан бері заң қорғауында болса, 2010 жылы оған «Елбасы - ұлт көшбасшысы» мәртебесі берілді.

Бұрынғы түркімен басшысы Сапармұрат Ниязов «Түркменбашы» (барлық түркімендердің басшысы) деген атағын 2006 жылы дүние салғанға дейін иеленді, оның ізбасары Гурбангулы Бердімұхаммедов ресми түрде «Арқадағ», яғни «Қорғаушы» деп аталады.

«ЕЛБАСЫ» НАЗАРБАЕВ

2000 жылы қабылданған Қазақстанның тұңғыш президенті туралы заңға 2010 жылы өзгерістер еніп, Қазақстан президенті заңды түрде «Елбасы - ұлт көшбасшысы» атанды. Заңға сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаев «президент өкілетін атқарған кездегі әрекеттері үшін жауапкершілікке тартылмайды», «оны ұстауға, қамауға, тінтуге, тергеуге болмайды». Заңда Назарбаевпен бірге тұратын отбасы мүшелерінің «мүлкіне, тұрғын және қызметтік үй-жайларына, жеке және қызметтік көлік құралдарына, хат-хабарларына» қол сұққан, «олар пайдаланатын байланыс құралдары мен банктік шоттарының құпиялығын бұзған азаматтар бес жылға дейін сотталатыны» да бекітілген.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 9 қазан 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 9 қазан 2015 жыл.

«Елбасы – ұлт көшбасшысы» мәртебесі ресми бекітілгеннен кейін, 2011 жылы қаңтарда Қазақстан парламенті конституцияға Назарбаевтың президенттік мерзімін шектемеу жөнінде өзгеріс енгізді. Ол бойынша, «Бір адам қатарынан екі реттен артық республика президенті болып сайлана алмайды. Бұл шектеу Қазақстанның тұңғыш президентіне - елбасыға қолданылмайды». Осы жылы Қазақстан парламенті «Қазақстан республикасының тұңғыш президенті күні» (1 желтоқсан) мемлекеттік мерекесін бекітті. Қазақстанда және шетелдерде Назарбаевтың бірнеше ескерткіштері бар, мұражайлары мен Тұңғыш президент қоры жұмыс істейді.

Оқи отырыңыз: Назарбаевты ұлықтау үрдісі шекарадан асып кетті

Оның қыздары АҚШ-тың Forbes.com сайты рейтингіндегі планета миллиардерлері тізіміне енген. Үлкен қызы Дариға Назарбаева Қазақстан премьер-министрі орынбасары. Інісі Болат Назарбаев - «Қазақмыс» корпорациясы директорлар кеңесі мүшесі, KASE дерегіне бойынша Bank RBK акционері. Нұрсұлтан Назарбаевтың 37 жастағы немере інісі, генерал-майор Самат Әбіш – Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары. 45 жастағы інісі Қайрат Сатыбалдыұлы - президенттік «Нұр Отан» партиясының хатшысы, Kaspi холдингінің акционері. Холдинг Kaspi Bank акцияларының шамамен 90 пайызының жанама иегері болып отыр.

Азаттықтың Тәжік қызметінің мақаласы ағылшын тілінен аударылып, толықтырылды.

XS
SM
MD
LG