Accessibility links

Алматы әкімі мен белсенділер Тәуелсіздік монументіне барды


Алматыдағы Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойған белсенділер Желтоқсан мен Жаңаөзен оқиғалары кезінде қаза тапқан азаматтар рухына құран бағыштап отыр. Алматы, 16 желтоқсан 2015 жыл.
Алматыдағы Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойған белсенділер Желтоқсан мен Жаңаөзен оқиғалары кезінде қаза тапқан азаматтар рухына құран бағыштап отыр. Алматы, 16 желтоқсан 2015 жыл.

16 желтоқсан - Қазақстан тәуелсіздігі күні, сағат 10-дар шамасында Алматы әкімі Бауыржан Байбек Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойды. Әкіммен қатар алаңдағы монумент маңына Қазақстан ЖСДП партиясы жетекшісі Жармахан Тұяқбай мен Жасарал Қуанышәлин сияқты 40-50 азаматтық белсенділер де жиналды.

Алматы әкімі Бауыржан Байбек гүл шоқтарын тәуелсіздік мерекесіне арнап қойса, белсенділер өздерінің тағзым ету шарасын Жаңаөзен және Желтоқсан оқиғаларымен байланыстыратындарын айтты.

Белсенділер Жаңаөзен мен Желтоқсан оқиғаларында қаза тапқан адамдардың рухына құран бағыштады. Белсенділер гүл шоқтарымен қатар «Жаңаөзенге - 4 жыл», «Желтоқсан - Жаңаөзен» сөздері жазылған маталар да әкеліп қойғандарын айтады.

Қазір Алматыдағы Республика алаңын ондаған полиция қызметкері бақылап жүр. Олар белсенділердің гүл шоқтарын қою шарасына бөгет жасамады.

Биылғы мерекемен Қазақстанның тәуелсіздігіне 24 жыл толды. Сонымен қатар, 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні болған Жаңаөзен оқиғасынан төрт жыл озды.

Жаңаөзеннің орталық алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік шара кезінде бүлік шығып, полиция оғынан 17 адам (ресми есеп) қаза тауып, жүздеген адам жараланған еді. Жаңаөзен оқиғасынан кейін бірнеше жыл қатарынан Қазақстан белсенділері қаза тапқан азаматтардың рухына гүл шоқтарын қойып келеді.

Желтоқсанның 16-сы мен 17-сі күндері мерекелік шаралармен қатар Қазақстанның кейбір қалаларында қауіпсіздік шаралары да күшейтіледі. Өйткені, Жаңаөзен оқиғасынан бөлек, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы желтоқсанның 17-сі күні басталған еді.

XS
SM
MD
LG