Бүгін, Қазақстан тәуелсіздігі күні Астана қаласында «Антигептил» қозғалысы өкілдері мен ол ұйымға кірмейтін он шақты белсенді сағат 11-лер шамасында «Атамекен» этномемориалдық кешеніндегі мемлекеттік ту түбіне гүл шоқтарын қойды.
Белсенділер гүл шоқтарын Жаңаөзен және Желтоқсан оқиғасы құрбандарына арнап қойғандарын айтады. Олар марқұмдардың рухына құран бағыштады.
Шараға келген Мақсат Ілиясұлы, Айгүл Өтепова сияқты белсенділердің пікірінше, "Жаңаөзен мен Желтоқсан оқиғалары кезінде азаматтар өздерінің пікірлерін еркін білдіргені үшін қаза тапқан".
Белсенділердің бірі жиылғандарға 1986 жылы Алматыда болған Желтоқсан оқиғасынан кейін алаңға шыққан жастарды айыптаған мақалалардың көшірмелерін таратты. Полиция өкілдері бұл шағын акцияны алыстан бақылап тұрды. Бөгет жасамады.
Биылғы мерекемен Қазақстанның тәуелсіздігіне 24 жыл толды. Сонымен қатар, 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні болған Жаңаөзен оқиғасынан төрт жыл озды.
Жаңаөзеннің орталық алаңында Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған мерекелік шара кезінде бүлік шығып, полиция оғынан 17 адам (ресми есеп) қаза тауып, жүздеген адам жараланған еді. Жаңаөзен оқиғасынан кейін бірнеше жыл қатарынан Қазақстан белсенділері қаза тапқан азаматтардың рухына гүл шоқтарын қойып келеді.
Желтоқсанның 16-сы мен 17-сі күндері мерекелік шаралармен қатар Қазақстанның кейбір қалаларында қауіпсіздік шаралары да күшейтіледі. Өйткені, Жаңаөзен оқиғасынан бөлек, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы желтоқсанның 17-сі күні басталған еді.