"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Қалеева мен "Адам құқығы хартиясы" ұйымының директоры Жеміс Тұрмағамбетова оппозициялық Nakanune.kz сайтының редакторы Гузяль Байдалинованы қамауға алу бұлтартпау шарасын өзгертіп, босатуға өтініш берді. Байдалинова 23 желтоқсанда уақытша қамау абақтысына үш күнге қамалған. Алматы полициясы оның "тапсырыспен жазылған" мақалаларды Nakanune.kz сайтында жариялануына қатысы бар дейді.
"Республика" мен Nakanune.kz интернет ресуртарында "көпе-көрінеу жалған ақпарат" тарату айыбы бойынша сотқа дейінгі тергеу "Казкоммерцбанктің" шағымы бойынша басталған. 18 желтоқсанда Nakanune.kz сайтының редакциясына, сайт журналистері Юлия Козлова мен Гузяль Байдалинованың пәтеріне тінту жүргізіліп, компьютерлер мен кеңсе техникалары тәркіленген. Сайт редакциясының есігі мөрленген.
Nakanune.kz-ті бұрын "Республика" газетінде жұмыс істеген журналистер құрған. 2012 жылы сот "Республика. Деловое обозрение" басылымы мен оның веб-сайты және қосымшасы, барлығы 30 шақты оппозициялық БАҚ-қа тыйым салған.
Биыл мамырда Алматының Медеу аудандық соты "Казкоммерцбанктің" шағымы бойынша Гузяль Байдалиноваға Nakanune.kz-тің меншік иесі ретінде 20 миллион теңге төлеуді және сайттан банк "беделімізге нұқсан келтіреді" деген мақаланы алып тастауды міндеттеген.