Алматының Алмалы аудандық сотының судьясы Марал Жарылғасова бүгін азаматтық белсенділер Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішті қанағаттандырмады. "Алауыздық тудырды" деген күдікпен қамауда отырған Мәмбеталин өзін кепілге босатуды, ал Нарымбаев қоғамдық белсенділердің кепіл болуымен ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатуды сұраған.
Азаматтық белсенділер мен олардың адвокаттары өтініште сотталушылардың денсаулық жағдайы нашарлап бара жатқанын және қан қысымы көтерілетінін айтқан. Кеше өткен сотта Ермек Нарымбаевтың қан қысымы көтеріліп, жедел жәрдем көлігімен ауруханаға әкеткен. Ауруханада оған дәрі егіп, қан қысымын түсірген. Нарымбаев ауруханаға жатудан бас тартқан.
Бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініш қанағаттандырылмаған соң Ермек Нарымбаев, оның інісі әрі қоғамдық қорғаушысы Арман Нарымбаев, Серікжан Мәмбеталин мен оның адвокаты Ермұрат Мұқанов судьяға қарсылық білдірмек болған. Бірақ Марал Жарылғасова олардың өзіне қарсылық білдіру мүмкіндігін тауысқанын айтты. Бұдан соң Ермек Нарымбаевтың адвокаты Жанар Балғабаева судьяға қарсылық білдірді. Қарсылықтан соң Жарылғасова сот залынан шығып кетті. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, процеске қатысушылар Жарылғасоваға қарсылықты қарайтын басқа судьяның келуін күтіп отыр.
Бүгінгі сот тыңдауына сот залына ақпарат құралдары өкілдерін жібермеді. Журналистерді процестен трансляция жасалатын, мониторы бар басқа бөлмеге жайғасуды сұрады.
Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев биыл қазан айында тұтқындалған. Мәмбеталин мен Нарымбаев Facebook-те авторы "Қазақстан мұсылмандар одағының жетекшісі Мұрат Телібеков" деген кітаптың үзіндісін жариялағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылып жатыр. Белсенділер қазан айында үйлеріне тінту жүргізілгеннен кейін ұсталып, содан бері қамауда отыр. Мәмбеталин мен Нарымбаев өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.