Accessibility links

Судья Нарымбаев пен Мәмбеталинді сот залынан шығарды


«Араздық қоздырды» деп айыпталған Серікжан Мәмбеталиннің судья Жарылғасоваға қарсылық білдіріп тұрған сәті. 8 қаңтар 2015 жыл.
«Араздық қоздырды» деп айыпталған Серікжан Мәмбеталиннің судья Жарылғасоваға қарсылық білдіріп тұрған сәті. 8 қаңтар 2015 жыл.

«Араздық қоздырды» деп айыпталған азаматтық белсенділер - Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталиннің бүгінгі соты белгіленген уақыттан кешігіп басталды. Сот залына Мәмбеталин мен Нарымбаев арнайы күзетпен келді. Оларды залда полиция күзетіп тұрды.

Сот залындағы жедел жәрдем дәрігері Айгүл Ерманова айыпталушылардың қан қысымын өлшеп, олардың жағдайы сотқа қатысуға мүмкіндік беретінін айтты. Судья Марал Жарылғасова сотты жалғастыратынын мәлімдеді.

Айыпталушылар шешімге қарсылық білдіріп, судья Жарылғасованың үстінен шағым түсірді. Бірақ Жарылғасова олардың шағымын қабылдамай, залға куәгер Александр Ляховты шақырды. Белсенділер Нарымбаев пен Мәмбеталиннің айтуынша, олар өздеріне «араздық қоздырды» деген айыптың тағылуына себеп болған даулы кітаптың үзінділерін Ляховтың сайтынан көшіріп алған.

Судья куәгерді шақыруға бұйрық берген сәтте айыпталушылар орындарынан тұрып қарсылық білдіріп, сот залында шу көтерді. Осыдан кейін судья Жарылғасова Мәмбеталин мен Нарымбаевты сот залынан шығаруға бұйрық берді. Сот залындағы күзетшілер судья бұйрығын орындап, айыпталушыларды сот залынан алып кетті.

Кейін Нарымбаевтың қорғаушысы Жанар Балғабаева денсаулығы нашарларғанын айтқан соң судья үзіліс жариялады.

Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев былтыр қазан айында қамауға алынған. Оларға Facebook желісінде «Қазақстан мұсылмандар одағы ұйымының жетекшісі» Мұрат Телібеков жазды деп сипатталатын жарияланбаған кітаптан үзінді келтірді деген айып тағылған. Ресми айыптауға сәйкес үзінді мәтіні «ұлтаралық араздық» тудыруға себеп болуы мүмкін. Белсенділер айыпты мойындамайды.

XS
SM
MD
LG