Accessibility links

Телібеков даулы үзіндінің "кітапта болмағанын" айтты


Куәгер ретінде шақырылған Мұрат Телібеков сотта отыр. Алматы, 8 қаңтар, 2016 жыл
Куәгер ретінде шақырылған Мұрат Телібеков сотта отыр. Алматы, 8 қаңтар, 2016 жыл

«Араздық қоздырды» деп айыпталған азаматтық белсенділер - Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталиннің сотында бүгін куәгер ретінде Мұрат Телібеков сұрақтарға жауап берді. Нарымбаев пен Мәмбеталинге «әлеуметтік желіде Телібековтің жазбасын қайталап басты» деген айып тағылып отыр.

Мұрат Телібеков сотта «Ветер с улицы» деген кітабында сотта қаралып жатқан даулы үзіндінің болмағанын мәлімдеді. Өзін «Қазақстан мұсылмандары одағының жетекшісі» ретінде таныстыратын Телібеков Алмалы аудандық сотына 1993 жылы Алматыда шыққан сол кітаптың түпнұсқа үлгісін алып келіп, іс материалдарына қосуды өтінген. Мұрат Телібеков бұған дейін 1990 жылдары аталмыш кітапты сол күйі баса алмай қойғанын, ал интернетте таралған нұсқасына өзінің қатысы жоқ екенін айтқан болатын.

Бүгінгі сотта lyakhov.kz сайтының негізін қалаушы әрі иесі Александр Ляховқа да сауалдар қойылды. Айыпталушылар бұған дейін «даулы кітап үзіндісін соның сайтынан көшіріп алдық» деген еді. Ляхов сайтында жарияланған кітапта даулы үзінді болмағанын айтып, 2002 жылы сайтқа шыққан кітап Мәмбеталин мен Нарымбаев жазбалары интернетке шыққанға дейін-ақ жойылғанын жеткізді.

Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаев былтыр қазан айында қамауға алынған. Оларға Facebook желісінде «Қазақстан мұсылмандар одағы ұйымының жетекшісі» Мұрат Телібеков жазды деп сипатталатын жарияланбаған кітаптан үзінді келтірді деген айып тағылған. Ресми айыптауға қарағанда, «үзінді мәтіні ұлтаралық араздық тудыруға себеп болуы мүмкін». Белсенділер айыпты мойындамайды.

XS
SM
MD
LG