Франция астанасында бүгін осыдан бір жыл бұрын, 7 қаңтарда Charlie Hebdo журналы редакциясына жасалған шабуылмен басталған терактілер құрбандарын еске алу рәсімі өтті. Апта бойы жалғасқан еске алу шараларының Республика алаңында өткен қорытынды рәсіміне терактілер құрбандарының туған-туыстары, саясаткерлер, қоғам қайраткерлері және өзге адамдар қатысты. Былтыр 11 қаңтарда бұл алаң Еуропа құндылықтары мен сөз бостандығын қорғап жаппай акцияға шыққан Париж тұрғындарының ынтымақтастығы символына айналған еді.
Франция президенті Франсуа Олланд жексенбідегі рәсім барысында өзгелермен бірге гүл қойды. Бұдан соң жұртшылық теракт құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Рок-әнші, композитор Джонни Холлидей әскерилер хорымен бірге қайғылы оқиғаларға арналған композицияны орындады. Президент Олланд пен Париж мэрі Анн Идальго терактілер құрбандары құрметіне арнайы отырғызылған он метрлік емен жанындағы еске алу тақтасын ашты. Бұл тақта былтыр қаңтарда Charlie Hebdo редакциясына, полиция қызметкерлеріне, еврей дүкеніне жасалған шабуылдарға қоса, Парижде 13 қараша күні болған терактілер салдарынан қаза болғандарға да арналған. Францияда былтыр радикалды исламшылар шабуылдарынан барлығы 150-ге жуық адам қаза тапқан, шабуыл жасағандардан бірнеше адам өлтірілген.
Сонымен бірге жексенбі күні президент Олланд Париждегі мешітке де барды. «Онда президент өткізген қысқа әңгіме достық пен бауырластық нышаны іспеттес болды» деп мәлімдеді Елисей сарайы.
Францияда былтыр қарашада террорлық шабуылдардан кейін енгізілген төтенше жағдай тәртібі әлі күшінде.