Accessibility links

Әзербайжанда толқудан соң тұтқындау басталды


Сиазаньда шерудің жолын бөгеген полицейлер. Көрнекі сурет
Сиазаньда шерудің жолын бөгеген полицейлер. Көрнекі сурет

Бейсенбіде бір күн бұрын елдің бірнеше ауданында болған халық наразылығынан соң Әзербайжан билігі оппозициялық белсенділер мен бірқатар демонстрантты қамауға ала бастады. 13 қаңтарда Физули, Ақсу, Агджеберди, Сиазань және Ленкорань аудандарында жүздеген адам азық-түліктің қымбаттауына байланысты шеруге шыққан.

Әзербайжан үкіметі толқуды басу үшін Сиазань ауданына әскер кіргізген. Дәл осы ауданда ең көп адам тұтқындалды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ел бойынша 55 адам қамауға түскен. Прокуратура абақтыға қамалғандарды "заңсыз шеру өткізді, полицейлер мен полиция көлігіне зақым келтірді" деп айыптады.

Сиазаньдағы демонстранттарды тарату үшін қауіпсіздік күштері жас ағызатын газ қолданған. Билік "заңсыз жиын өткізуге шақырды" деп AXCP және Мусават партияларын кінәлі етіп көрсетті. Қамалғандардың ішінде осы партияның жетекшілері Назим Хасанлы мен Иман Әлиев те бар.

Азаттықтың Әзербайжан қызметі AXCP партиясының жас белсендісі Туран Ибрахим 13 қаңтарда Бакуде тұтқындалды деп хабарлады.

Бір ай бұрын Әзербайжанның ұлттық валютасы манат күрт құнсызданып, елдің экономикасы әлсірей түскен еді. Бакудің негізгі табыс көзі мұнай экспорты болып саналады.

XS
SM
MD
LG