Accessibility links

Ресейлік журналист Украинадан саяси баспана алды


Украинадан саяси баспана алған ресейлік журналист әрі блогер Дмитрий Шипилов.
Украинадан саяси баспана алған ресейлік журналист әрі блогер Дмитрий Шипилов.

Ресейлік журналист әрі блогер Дмитрий Шипилов Украинадан саяси босқын мәртебесін алғанын мәлімдеді. Бұл туралы блогер Facebook-те хабарлады.

Журналист әлеуметтік желіде "10 айға созылған эпопея ақыры аяқталды. Барлығыңызға рахмет" деп жазды. Ол бұған қоса, босқын мәртебесін алғаны туралы құжатын да жариялады.

Шипилов саяси босқын мәртебесін алу туралы өтінішті 2015 жылдың 25 ақпанында Украина мен Беларусь арасындағы шекара бекеттерінің біріне тапсырған. Бірақ ол кезде оған босқан мәртебесі берілмей қалған. Бірнеше күн өткен соң журналист украиналық достарының кепіл болуымен Украина территориясына кірген.

Кемеров облысынан шыққан Дмитрий Шипилов 2012 жылы блогындағы осы облыс губернаторы Аман Төлеев пен облыстық мәдениет және ұлттық саясат департаментінің басшысына "тіл тигізген" жазбасы үшін 11 ай еңбекпен түзеу жазасына кесілген. Бірақ журналист кінәсін мойындамай, Мәскеуге кетіп қалған. 2014 жылы 10 қыркүйекте ол Подмосковье түбінде ұсталған.

Шипилов еңбекпен түзеуден бас тартқан соң сот оның жазасын үш айға қамауға алуға ауыстырған. Подмосковьеден Кемерово облысына этаппен жеткізілген журналист 29 желтоқсанда жазасын өтеп шыққан. Ол 2015 жылы ақпанда Ресейден кетіп қалды.

XS
SM
MD
LG