Accessibility links

Мәмбеталин мен Нарымбаевқа түрме жазасы кесілді


Азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев (сол жақта) пен Серікжан Мәмбеталин.
Азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев (сол жақта) пен Серікжан Мәмбеталин.

Алматы соты азаматтық белсенділерді "алауыздық тудырды" деген айып бойынша екі және үш жылға соттады.

Азаматтық белсенділер Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевқа Алматы қаласы Алмалы аудандық соты қаңтардың 22-сі күні екі және үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сот үкіміне сәйкес олар жазасын жалпы режимді түрмеде өтеуі тиіс болады және түрмеден шыққан соң бес жыл саяси-қоғамдық істермен шұғылдана алмайды.

Үкім түнде әрі шамамен бір жарым сағатқа кешігіп жарияланды. Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевтың туыстары мен жақтастарының уайымдап, күйгелектеніп тұрғаны байқалды. Оларды журналист Гүлжан Ерғалиева мен оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов жұбатуға тырысты.

– Қане, қолдарымызды көтеріп, саусақтарымыздан V (виктория – жеңіс) әрпін бейнелеп, суретке түсейік те, фотоны жігіттерге жіберейік, қанша адам қолдап тұрғанын екеуі көрсін, - деген ұсыныс айтты Әміржан Қосанов.

Азаматтық белсенділер Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевтың жақтастары сот үкімі шығып жатқан екеуіне қолдау білдіріп отыр. Алматы, 22 қаңтар 2016 жыл.
Азаматтық белсенділер Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевтың жақтастары сот үкімі шығып жатқан екеуіне қолдау білдіріп отыр. Алматы, 22 қаңтар 2016 жыл.

Жиналған жұрт осылай істеді әрі «Еркіндік берілсін! Ермек пен Серікжанға еркіндік берілсін!» деп айқайлады.

Үкім жариялаған судья Марал Жарылғасова жазаны жеңілдететін жайттарды – сотталушылардың бұрын соттылығы жоқ екенін (Ермек Нарымбаевтың бұрынғы соттылығы жабылған), екеуінің асырауында кішкентай балалары барын және жақсы мінездеме берілгенін атап шығып, «олар кінәларын мойындамады және сот процесі екеуінің өкінбегендерін көрсетті» дей бергенде, Серікжан Мәмбеталин ақырын, бірақ нықтап «Мыналар бізді отырғызатын сияқты» деді.

Үкім оқылған соң Серікжан Мәмбеталиннің анасы солқылдап жылап жіберді, ал әкесі Есенғос Мәмбеталин ел билігіне лағнет-қарғысын жаудырды.

- Мына билікті қарғыс атсын! Оның тіпті екі жылға да жетпейтін күні қалды. Мен дәрігермін, әдетте қарғысымыз қатты тиеді, - деп айқайлады ол.

Таяу маңда тұрған Қазақстан жұмысшы қозғалысы жетекшісі Сахиб Жаңабаева «Бұрын қайда қалыпты? Бастарына бәле төнгенде ғана, сарнай бастады. Мұндайға жол беріп қойған халық кінәлі» деді.

Анастасия Мәмбеталинаны жұбатып тұрған Әміржан Қосанов оның сөздерін естіп, «қазір мынадай жосықсыз сөздер айтатын сәт емес қой» деп ескерту жасады. Жұмысшы қозғалысы жетекшісі ол жерден ақырындап жылыстап кетті.

Мәмбеталин мен Нарымбаевқа сот үкімі туралы видео:

Мәмбеталин мен Нарымбаевтың үкімі
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:58 0:00

​"Алауыздық тудырды" деп айыпталған азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталинге жұма күнгі отырыста соңғы сөз берілген. Нарымбаев судьяны "ағат пікір ұстанды" деп айыптап, тергеуде өзінің іс-әрекетінде қылмыс белгісі болғанын дәлелдей алмағанын, соттың "айыптау мәнерінде" өткенін айтқан.

Нарымбаевтың сөзінше, негізгі куәгерлер, оның ішінде өзіне және Серікжан Мәмбеталинге қарсы істе аты аталатын Гүлбахрам Жүністен жауап алынбаған. Нарымбаев пен Мәмбеталин әлеуметтік желіде авторы Мұрат Телібеков деп сипатталатын баспадан шықпаған кітаптан үзінді келтіргендері үшін жазаға тартылды.

Сот залындағы орындықта қан қысымы көтеріліп жатып қалған Ермек Нарымбаев. Алматы, 22 қаңтар 2016 жыл
Сот залындағы орындықта қан қысымы көтеріліп жатып қалған Ермек Нарымбаев. Алматы, 22 қаңтар 2016 жыл

Жарыссөзде Ермек Нарымбаев сөйлей алмай, денсаулығына байланысты орындықта жатқан. Дәрігерлер сот басталар кезде оның сотқа қатыса алатынын айтып, көмектесіп тұрды. 18 қаңтардан бері судан басқа ешнәрсе ішпей, аштық ұстаған Нарымбаев кейін жарыссөзге қатысқысы келген. Бірақ судья жарыссөз аяқталғанын, соңғы сөз берілгенде сөйлейтінін айтып, оған сөз беруден бас тартқан.

Мәмбеталин соңғы сөзінде өкінбейтінін және айыбын мойындамайтынын айтқан еді. Ол туыстары мен туғандарынан оларға "бейнет көрсеткені үшін" кешірім сұраған.

Жарыссөз кезінде прокурор соттан Нарымбаевты бес жылға, Мәмбеталинді төрт жылға соттауды сұраған. Прокурор сотталушылар іс-әрекетінде "алдын ала сөз байласқаны" дәлелденбегенін айтып, тағылған айыпты 174-баптың 2-тармағынан 1-тармағына ("Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздық тудыру") ауыстыруды сұраған болатын.

Мәмбеталин жарыссөзде істің "саяси астары барын" мәлімдеген. Мәмбеталиннің анасы істің "саяси астары бары бадырайып көрініп тұрғанын" айтқан. Адвокаттары мен қоғамдық қорғаушылары Мәмбеталин мен Нарымбаев қылмыс жасамағанын айтып, соттан оларды босатуды сұраған.

"Алауаздық қоздыруға" қатысты 174-бап азаматтық белсенділікті әлсірететін мемлекет қолындағы құралға айналып отыр.
Евгений Жовтис

Құқық қорғаушылар Қазақстанда «араздық қоздыру» айыбы бойынша қозғалған қылмыстық істердің көбейіп бара жатқанына алаңдайды.

Қазақстандағы адам құқығын қорғау бюросы кеңесінің төрағасы Евгений Жовтистің айтуынша, қылмыстық кодекстің "алауыздық тудыруға" қатысты 174-бабы бойынша 2014 жылы 44 іс қозғалса, 2015 жылы мұндай іс саны 88-ге жеткен. Жовтистің сөзінше, «араздық қоздыру» бабының қылмыстық кодексте бұлыңғыр жазылғаны соншалық, «араздық қоздыру деген не?» деген сұраққа нақты жауап жоқ».

Құқық қорғаушы билік осы бап арқылы жеке ой-пікірін білдірген азаматтардың әрекеттерін «араздық қоздырды» деп жазалай алатынын айтқан. Оның ойынша, 174-бап азаматтық белсенділікті әлсірететін мемлекет қолындағы құралға айналып отыр. Қаңтардың 19-ы күні арнайы мәлімдеме жасаған Жовтис бұл сөзіне дәлел ретінде Мәмбеталин мен Нарымбаевтың істерін мысал етіп келтірген.

Биліктің екі азаматтық белсендінің үстінен қылмыстық іс қозғауын жергілікті құқық қорғаушылар мен бірқатар әлеуметтік желі қолданушысы сынап шыққан. 2015 жылғы қазанның 16-сы күні Human Rights Watch ұйымы да Астанадан оларды босатуды талап еткен еді.

Қамалардан бұрын Серікжан Мәмбеталин жасылдар партиясын құрмақ болып талаптанып, кейін Қазақстан үкіметінің Еуразия Одағы аясындағы Ресеймен тығыз саяси-экономикалық байланыс орнатуына қарсы азаматтық белсенді ретінде көзге түскен. Ал Ермек Нарымбаев 2010 жылы Қазақстанның Қытайға ауыл шаруашылық жерлерін беру жоспарына қарсы шығып, "Назарбаев, кет!" деген ұран көтерілген митингіге қатысқан соң "билік өкіліне күш қолданды" деген айыппен 4 жылға сотталған. Соңғы жылдары Нарымбаев түрлі наразы әлеуметтік топтардың құқығын қорғаушы ретінде танылып жүрген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG