Accessibility links

Еуропа кеңесі Қырымда адам құқығы ахуалын бақылайды


Еуропа кеңесінің бас хатшысы Торбьорн Ягланд.
Еуропа кеңесінің бас хатшысы Торбьорн Ягланд.

Еуропа кеңесінің бас хатшысы Торбьорн Ягланд Ресей аннексиялап алған Қырымға ондағы адам құқығы ахуалын бағалау үшін арнайы делегация жіберетінін жариялады.

"Қырымда екі жарым миллионнан астам адам тұрады. Оларға "Адам құқығын қорғау жөніндегі Еуропа конвенциясының" күші жүреді. Қырымдықтар бұл конвенцияны пайдалана алуы тиіс" делінген Ягланд таратқан мәлімдемеде.

Ягландтың сөзінше, бір жылдан астам уақыттан бері бір де бір халықаралық ұйым Қырымға бара алмаған. Еуропа кеңесінің хатшысы делегация "тәуелсіз" болатынын және "Қырымның территориялық мәртебесіне қатысты мәселемен айналыспайтынын" айтты.

Ресей Қырым түбегін 2014 жылдың наурызында референдум нәтижесінде аннексиялап алған. Батыс елдері түбектің мәртебесі туралы референдумды "жалған" деп мойындамайды.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқығы жөніндегі бюросы мен ЕҚЫҰ-ның азшылық ұлттар ісі жөніндегі өкілі өткен жылы қыркүйекте Қырымдағы адам құқығының ахуалына қатысты есебін жариялаған. Онда Қырым Ресей құрамына өткелі бері адамның негізгі еркіндіктеріне, оның ішінде украинашыл белсенділерге, журналистер мен татар ұлтының өкілдеріне қатысты жағдай "қатты нашарлап бара жатқаны" айтылған.

XS
SM
MD
LG