28 қаңтарда сағат 17.00 шамасында «Алматы – Маңғышлақ» бағытымен келе жатқан жолаушылар пойызы газ таситын көлікпен соғысып қалғаны хабарланды. Газ таситын машинаның жүргізушісі оқиға болған жерде қаза тапқан.
«Бейнеу -Сайөтес» стансасы мен №6 разъезд арасында болған пойыз бен көліктің соғылғанын көзіммен көрдім деген теміржол жөндеушінің Азаттыққа хабарлауынша, тепловоз жүргізушісінің көмекшісі қатты жараланып, Бейнеу аудандық ауруханасына жөнелтілген.
Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Әнуар Шөжеғұлов БАҚ өкілдеріне электронды хабарлама таратып, «Алматы - Маңғышлақ» жолаушылар составының қауіпсіз жерге апарылғанын мәлімдеді.
Жергілікті әкімдіктің хабарлауынша, «Алматы-Маңғышлақ» жолаушылар пойызы сапарын ары қарай жалғастырған, ал жолаушыларға ыстық тамақ беріліп, жылы киімдер жеткізілген.