Париждегі "Диснейлэнд" ойын-сауық паркінде екі тапанша мен оқтар және Құран кітабы бар ер адам тұтқындалды. Полицияның хабарлауынша, ер адам парк жанындағы қонақүйге түскен. Қару-жарақ пен Құран кітабы қонақүйде металл іздейтін құрылғының дабылы іске қосылған соң жүргізілген тінтуде табылған. Құжатына қарағанда, ер адам Парижде тұрады. Ұсталған адамға қатысты бұдан басқа мәлімет белгісіз.
Полиция әзірге ер адамның теракт жасауды жоспарлағанына дәлел жоқ дейді. Ер адамның өзі тапаншаны жеке бас қауіпсіздігі үшін алып жүргенін айтады.
Парижден 30 километр қашықтықтағы "Диснейлэнд" - Еуропадағы ең ірі, танымал ойын-сауық парктерінің бірі. 2014 жылы паркке 10 миллионға тарта адам барған.
Парижде 13 қарашада болған бірнеше терактіден соң Францияда қауіпсіздік шаралары күшейтілген.