Accessibility links

"Әділ сөз": Қазақстанда БАҚ-ты қылмыстық қудалау көбейді


"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Қалеева.
"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымының жетекшісі Тамара Қалеева.

Қазақстанда 2015 жылы Қазақстанда ақпарат құралдарының мазмұнын әкімшілік жолдармен ықпал етіп, БАҚ пен журналистерге заңдық тұрғыда қысым жасау күшейе түсті деп мәлімдеді қазақстандық "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымы. "Әділ сөздің" сараптамасына қарағанда, 2015 жылы Қазақстанда БАҚ-қа тікелей, физикалық тұрғыда зорлық-зомбылық көрсету азайып, керісінше қылмыстық қудалау күшейген.

2015 жылға арналған Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалы жайлы есебінде ұйым өткен жылы жеке пікірін білдіру, ақпарат алу және оны таратуды реттейтін заңнамалар қатаңдана түскенін айтады. "Әділ сөз" 2015 жылы 1 қаңтарда күшіне енген жаңа қылмыстық кодексте "көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату" бабы пайда болып, "алауыздық тудыруға" көрілетін жаза күшейтілгенін айтады. "Алауыздық тудыру" бабы бойынша бұрынғы айыппұл салу, еңбекпен түзеу сияқты жеңіл жаза түрлері жойылып, жазаның ең төмен түрі екі жылға түрмеге жабуға өзгерді" делінген ұйым есебінде.

"Жалған ақпарат тарату" бабы бойынша екі құқық қорғаушыға айып тағылған.

Бұған қоса "бопсалау" бабы бойынша Павлодардағы "Версия" басылымының редакторы Ярослав Голышкиннің үстінен іс қозғалған.

"Әділ сөз" есебінде өткен жылы сот "шығу мерзімі туралы заң талабын бұзды" деген айыппен оппозициялық ADAM журналын жапқанын да айтқан.

Ұйым өткен жылы журналистерге қастандық жасау оқиғалары болмағанын, бірақ БАҚ өкілдеріне 9 рет шабуыл жасалғанын айтады.

Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы бұған дейін 2015 жылға арналған әлемдегі сөз бостандығы жайлы есебінде Қазақстанды "сөз бостандығы еркін емес" ел қатарына қосқан. Қазақстан ұйым есебінде 199 елдің арасынан 185-орын алған. "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы түзген есеп бойынша, Қазақстан 2015 жылы баспасөз еркіндігі көрсеткішінде 180 елдің арасынан 160-орын алған.

XS
SM
MD
LG